Біз өзімізді тау халқының өр мінезді ұрпағы – вайнахтар деп танимыз. Дәстүрімізге адал, бейбітшіліксүйгіш жұртпыз. 1944 жылдың қарғыс атқыр 23 ақпаны күні көптеген чешен мен ингуш отбасыларының шаңырағын ортасына түсірген оқиға орын алды. Ол Кавказдан біздің аталарымызды жаппай депортациялап, сүргінге ұшыратқан күн еді. Бұл қанды тарих туралы көп жазылды, ақиқаты айтылды. Оған тоқталып жатудың қажеті қазір аз шығар. Бірақ сол тұста қазақ даласына келіп табан тіреген біздің аталарымыздың аманатына айналған әңгімелерді жаңғыртып қайталаудан ешқашан жалыққан емеспіз. Аталарымыздың әңгімесі – кеңпейіл қазақ халқының қиын-қыстау шақтағы жасаған жақсылығы жайлы еді.
Жалпы, вайнахтар ғана емес, сол тұста Қазақстанға күштеп қоныс аударылған ұлыстардың барлығы қазақ халқының алдында қарыздар деп білемін. Аштық, жаппай ату мен қудалау, одан кейінгі соғыстың ауыртпалығын қайыспай көтерген қазақтардың ортасына келген біздің аталарымызды жатсынбай, жарты бөлке нанын бөліп жеген, қоржын тамының бір бөлмесін босатып беріп паналатқан мейрімді ұлттың алдыңда басымызды иіп, құрметпен тағзым жасау адамдық борышымыз.
Қазір біз тәуелсіз Қазақстанның мәуеллі бәйтерегінің саясында өсіп-өнген, бір мықты бұтаққа айналған біртұтас елміз. Еңбегіміз елімізді гүлдендеруге бағытталып, ұрпағымызды көбейтіп, тату тіршілік кешудеміз. Тәуба!
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан біраз бұрынғы Ассамблеяның отырысында сөз сөйлеп, 1 наурызды қазақ халқына Алғыс айту күні етіп белгілеген кездегі жиналысқа қатысып отырған едім. Елбасының аузымен айтылған осы сөзден кейін марқұм атамның бала кезден айтып, үйретіп кеткен аманаты қайта жаңғырғандай болды. «Рахмет, қазақ бауырларым! Сендерге мың алғыс!» деймін қазір шаттанып тұрып.
Қазақта «Ер туған жеріне» деген сөз бар. Өзім Алматы облысының тумасы ретінде білімім мен ғұмырымды өңірдің журналистикасын дамытуға жұмсап келемін. Облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы ретінде еліміздің дамуына үлес қосып, жақсылықтың жаршысы болудан аянған емеспін. Атақ-абыройсыз, сый-сияпатсыз да емеспіз, шүкір. Осының барлығы бір кездері үзім нанын бөліп берген қазақ бауырларымның ықыласы деп білемін.
Ел аман болсын, Елбасы бастаған Қазақстанның нұрлы көші болашақ төріне озсын!
Атсалим ИДИГОВ,
Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы